Төртінші халықаралық қауіпсіздік және азаматтық қорғаныс

2018 жылдың 27 қыркүйегінде Астана қаласында қауіпсіздік және азаматтық қорғаныс бойынша халықаралық көрме өз жұмысын бастады.

Айтулы шара барысында келушілерге әлемнің бірнеше елінен жиылған компаниялар лаңкестік қауіп-қатерлер мен шабуылдарға төтеп беретін соңғы үлгідегі техникалары мен арнайы әскери киімдерін көрсетті. Көрменің алғашқы күнінен-ақ шараға қызығушылық жоғары болды. Халық әсіресе, адамның бейнесін лезде анықтап, ол туралы ақпаратты санаулы секундтарда экран бетіне шығаратын бейнекамералар мен жасырын дыбыс толқынын анықтайтын радиотехникаларға қызығушылық танытты.

«Аталмыш шараға барлық аймақ қатысуда. Солардың бірі болып Атырау өңірінен біздің де қатысуымыз – біз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Көрмеде қауіп-қатерлер және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи жүйелері, Қазақстанның киберқалқаны тұрғысында кең көлемде әңгіме өрбіді. Сондай-ақ, қауіпсіздік және күзет саласы өкілдерінің жұмысын саралап, олардың еткен еңбек, төккен терлерін бағалап, Құрмет грамоталары мен мақтау қағаздарын беру арқылы күзет қызметкерлерінің жұмыстарының алға басуына ықпал жасап, ынталандыратын айтулы шара қазіргі жаhандық дәуірде әбден керек деп ойлаймын», – дейді көрмеге қатысушы Сұңқар Секьюрити» ЖШС күзет фирмасының Бас директоры Жанарбек Нағымбекұлы Шахшаев.

Көрменің мақсаты – жаһандық бәсекелестік жағдайларында Қазақстан Республикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қауіптерден қорғалуына қол жеткізу және сол деңгейде ұстау болып табылады.

Шара барысында көрмеге атсалысқан әскери және құқық қорғау органдары өкілдеріне Құрмет грамоталары табыс етілді.

Маңызды басқосу алдағы жылдарда да дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.